Kazakhmys Smelting компаниясы 16-шы халықаралық Astana Mining & Metallurgy (AMM 2026) тау-кен металлургия конгресіне кезекті рет қатысты.
11–12 маусым күндері Астанада өтіп жатқан бұл ауқымды халықаралық форум мемлекет, бизнес және әлемдік сарапшылар арасындағы диалогты нығайтатын маңызды алаң болып табылады.
Конгресс жұмысына Kazakhmys Smelting компаниясының Бас директоры Байғабелов Жәнібек Алтынбекұлы қатысып, саланың даму перспективалары, өндірісті жаңғырту және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған іскерлік кездесулер мен пікірталастарға қатысуда.
Биылғы конгреске 16 елден 2 100-ден астам делегат жиналып, тау-кен металлургия кешенінің өзекті мәселелерін, технологиялық жаңғырту, инвестициялар тарту, цифрландыру, тұрақты даму және жаһандық серіктестік бағыттарын талқылауда.
Конгрестің алғашқы күні Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов пленарлық отырыста сөз сөйлеп, тау-кен металлургия саласының ел экономикасындағы стратегиялық рөлін, инвестициялық тартымдылығын және өнеркәсіпті дамытудағы басым бағыттарды атап өтті.
АММ 2026 көрмесіне әлемнің 15 елінен 69 компания қатысуда. Көрмеде геологиялық барлау, кен өндіру, металлургия, экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік, логистика, машина жасау және инжиниринг салаларындағы заманауи технологиялар мен шешімдер ұсынылған.
Конгресс аясында АҚШ, Канада, Қытай, Еуропалық Одақ, Сауд Арабиясы және басқа да елдердің мемлекеттік органдары мен жетекші компанияларының өкілдері қатысып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кездесулер өткізуде.
АММ 2026-ның басты тақырыбы - «Жер қойнауынан зияткерлік биіктерге: тау-кен металлургия кешенінің болашағы үшін жаһандық әріптестік». Форум барысында маңызды минералдарды жеткізу тізбегін дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, өндіріс тиімділігін арттыру және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері қарастырылуда.
Kazakhmys Smelting үшін АММ 2026 халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибе алмасуға және тау-кен металлургия саласының болашағын қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.