ИННОПРОМ-2026: Kazakhmys Smelting халықаралық өнеркәсіптік көрмеде компанияны таныстырды
Kazakhmys Smelting командасы Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласында өткен XVI халықаралық «ИННОПРОМ-2026» өнеркәсіптік көрмесіне қатысты. Жыл сайын өткізілетін бұл көрме өнеркәсіп, бизнес және мемлекеттік сектор өкілдерін біріктіріп, өндірістік кооперацияны дамытуға, тәжірибе алмасуға және халықаралық әріптестікті нығайтуға арналған ең ірі алаңдардың бірі саналады.
Биыл ИННОПРОМ-2026 көрмесіне әлемнің 50-ден астам елінен қатысушылар келіп, 900-ге жуық компания өз өнімдері мен технологияларын ұсынды. Көрме аясында өнеркәсіпті дамыту, инновацияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған 100-ден астам іскерлік іс-шара ұйымдастырылды.
Көрме барысында Kazakhmys компаниясының корпоративтік стенді жұмыс істеп, компания өкілдері өнеркәсіптік жабдық өндірушілерімен, ірі кәсіпорындармен, әлеуетті серіктестермен және салалық сарапшылармен бірқатар іскерлік кездесулер өткізді. Кездесулер барысында өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағыттары талқыланды.
Көрменің пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов қатысып, «Өнеркәсіп 360: халықаралық ынтымақтастықтың драйверлері» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде өндірістік кооперацияны кеңейту, жаңа технологияларды енгізу, өндірістерді жаңғырту және халықаралық әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ көрмеге Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниялардың басшылары мен салалық сарапшылар қатысты.
Көрменің екінші күні жаңа халықаралық байланыстар орнатуға және әріптестік қатынастарды нығайтуға арналды. ИННОПРОМ-2026 көрмесінің серіктес елі Индонезия Республикасы болды. Елдің ұлттық павильонында металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да өндірістік салалардағы инновациялық шешімдер мен технологияларды таныстырған 50-ден астам компания өз өнімдерін ұсынды.
Индонезия Республикасының ресми делегациясы Қазақстанның ұлттық павильонын арнайы аралап, Kazakhmys экспозициясымен танысты. Кездесу барысында компанияның өндірістік әлеуеті, инновациялық жобалары және болашақтағы халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Қазақстанның ұлттық павильонында ұйымдастырылған мәдени бағдарлама көрме қонақтарына ерекше әсер қалдырды. Шетелдік делегациялар мен қатысушыларды қазақтың ұлттық аспаптар оркестрі қарсы алып, ұлттық әуендер Қазақстанның бай мәдени мұрасын таныстырды.
Kazakhmys Smelting компаниясының ИННОПРОМ-2026 көрмесіне қатысуы халықаралық әріптестікті кеңейтуге, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және компанияның өндірістік әлеуетін әлемдік деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді. Компания халықаралық өнеркәсіптік алаңдардағы белсенді жұмысын жалғастырып, заманауи технологияларды енгізуге және Қазақстанның металлургия саласының дамуына үлес қосуды жалғастырады.