Жаңалықтар мен мақалалар

Cuprum Swim 2026: Балқашта алғаш рет ашық суда жаппай жүзу жарысы өтті

Balkhash Tour Fest 2026 фестивалі аясында Балқаш көлінде алғаш рет ашық суда жаппай жүзу жарысы – Cuprum Swim 2026 өтті. Жарыс Kazakhmys Smelting компаниясының бастамасымен ұйымдастырылып, өңірде жаңа спорттық дәстүрдің негізін қалады.

Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей Федерациясынан келген 300-ден астам спортшы қатысты. Қатысушылар екі қашықтық бойынша бақ сынады: 1 шақырым (Cuprum Swim) және 3 шақырым (Pikeman). Олар жоғары дайындық деңгейін, төзімділік пен нағыз спорттық рухты көрсетті.

Жарыстың ашылу салтанатында Kazakhmys Smelting компаниясының бас директоры Байғабелов Жәнібек Алтынбекұлы қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және Балқаш өңірінің туристік әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын атап өтті.

Жарыстың арнайы қонағы – Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев болды. Ол қатысушыларға қолдау білдіріп қана қоймай, өзі де 3 шақырымдық қашықтықты сәтті жүзіп өтті. Оның үлгісі көптеген спортшыларға шабыт сыйлады.

Қатысушылар географиясы еліміздің көптеген өңірлерін қамтыды. Ең көп спортшылар Астана мен Қарағанды қалаларынан келді. Сонымен қатар Ресейден келген қатысушылар да жарыстың халықаралық мәртебесін айқындай түсті. Жүзу сайысы әртүрлі жастағы спорт әуесқойларын біріктірді: жарыс жолына 14 жастан бастап, 60+ санатындағы тәжірибелі жүзушілерге дейін шықты.

Мәреге жеткен барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталды, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттар және лайықты марапаттарға ие болды.

Жанкүйерлердің ыстық қолдауы, қатысушылардың спорттық жігері, жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы және Балқаш көлінің ерекше табиғаты Cuprum Swim 2026 жарысын шынайы спорт мерекесіне айналдырды. Ашық суда өткен алғашқы жаппай жүзу жарысы жазғы маусымның жарқын оқиғасына айналып, өңірдегі спорттық туризмді дамытудағы маңызды қадам болды.

Kazakhmys Smelting компаниясы бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және белсенді демалыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайды. Cuprum Swim 2026 Балқашта жаңа спорттық дәстүрдің сәтті бастамасы болып, алдағы жылдары өз жалғасын табатыны сөзсіз.